Банкроттық туралы өтініштер наурыз айынан бастап қабылданады

Бұл туралы үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазір тиісті рәсімдер бойынша ұйымдастыру-техникалық шаралар жүргізілуде. Соның ішінде мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерін оқыту жүргізілуде. Сондай-ақ азаматтардан келіп түсетін проблемалық мәселелер талқылануда. Қазіргі таңда ақпараттық жүйені әзірлеу басталып та кетті. Әзірге сынақтан өтіп, нақтылану үстіндегі оның прототипі қолданылып келеді. Ол түпкілікті қолданысқа енгізілгеннен кейін басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады. Ерұлан Жамаубаев халықаралық тәжірибені ескере отырып, елімізде банкроттық рәсімінің үш түрі қолданылатынын атап өтті. Атап айтқанда, олар – соттан тыс және соттық банкроттық, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Халықтың шектен тыс кредит алуын реттеуге қатысты Қаржы министрлігі келесідей жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, өткен жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурыздан бастап банкроттық туралы өтініштер қабылдана бастайды. Өз кезегінде банкроттықтың салдарлары мыналар болып табылады: 1) 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу; 2) банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдану мүмкіндігі; 3) 3 жыл бойында қаржы жағдайының мониторингі.