Балаларды смартфонда бағдарламалауға үйрететін қазақстандық стартап

Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Швеция, Түркия, Сербия мен ТМД елдері. Осы елдердің мектептерінде балаларды смартфонда бағдарламалауға үйретуге арналған қазақстандық әзірлемені қосу жоспарлануда. Қазір отандық стартап елімізбен қатар Оңтүстік Корея, Әзербайжан және Өзбекстанда сәтті қолданылып келеді. Мәселен, бүгінде таңғы шық елінің 5 мектебінің білім жүйесіне қазақстандық өнертабыс ендірілген. Қазіргі таңда оған тағы 500-і қосылуға дайын. Әзербайжанның үш мыңға тарта білім ошағы да өз кезегін күтуде. Әзірге аталмыш Орталық Азия елінің 10 оқу мекемесі оның шарапатын татып үлгерген. Әлеуетті пайдаланушылар жобаның ыңғайлығы мен тиімділігі қызықтырғанын айтады.
Жанаділ Талдыбаев, стартаптың негізін қалаушы:
-  Біз бағдарламалаудың негіздеріне машықтаймыз. Оқудың дәл осы кезеңінде мобильді бағдарламалауды қолданған әлдеқайда тиімдірек.  Есіңізде болса, бұрындары ойындардың барлығы тек компьютер арқылы ғана ойналатын. Қазір кез келген ойын смартфондарға жүктеледі. Яғни, ұялы телефоның болса жеткілікті. Жалпы копютермен жасалатын істің барлығын дерлік смартфонның көмегімен тындыруға болады. Ол тек сырт көзге ыңғайсыз болып көрінеді. Тіпті, мобилографияның пайда болуымен бейнежазбаларды жоғары сапада монтаждау мүмкіндігі туды. Бұған дейін осылай боларын кім ойлаған. Сондықтан да біз аса күрделі бағдарламалаудың қыр-сырын балаларға өзеріне жақсы таныс тәсілмен үйретуге ден қойдық. Бұл өзінің тиімділігін көрсетті.    
Екі жыл бұрын қолға алынған тырнақалды жоба бүгінде толықанды өнімге айналды. Өнертабыс авторлары бұл жүйе аға буын өкілдеріне де қолжетімді екенін айтады.
Жанаділ Талдыбаев, стартаптың негізін қалаушы:
-Біздің компанияның басты мақсаты – заманауи Ай-ти өнімдер мен дағдыларды көпшілікке қолжетімді ете түсу. Ол тек бағдарламалау бағытын таңдаған мамандарға ғана түсінікті болмауы керек. Дәрігер, сәулетші немесе заңгер болсын бұл жағынан сауаты болуы тиіс. Яғни, Ай-ти технологияларды өзінің кәдесіне жарата алуы аса маңызды. Жасанды интеллект дамыған кезде оның негіздерін бәрі білуі қажет деп санаймын.  
 
Мобильді қосымшадан бөлек, робототехника негізінде ақылды гаджеттер жасауға арналған заманауи жүйе  іске қосылды. Ал оқушылардың оқу үрдісін бақылау және тәлімгердің біліктілігін арттыру үшін арнайы жоба да әзірленді.