Батыс Қазақстанда тасқыннан зардап шеккендерге жаңа үй берілді
Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жолы жалғыз үйі жарамсыз деп танылған саяжай тұрғындары қоныс тойын тойлады. Өңірдегі Деркөл кентінде 103 үй пайдалануға берілсе, Зашаған кентінде 80 отбасы баспаналы болды.
Жеміс Талошеваның шаңырағында шашу шашылып, ақ тілектер ақтарылды. Көктемгі тасқынның кесірінен жалғыз үйінен айырылып, эвакуациялық пунктті паналаған отбасы баспаналы болды. Алаң көңілі сейіліп, қуаныштан толқыды.
Жеміс Талошева, Орал қаласының тұрғыны:
– Жолдасым бар, үлкен ұлым, қызым бар. Армияда ұлым бар, екі ай қалды, Алла жазса, енді бала келгенде кәдімгі сыйлық, той болады. Рақмет, көп-көп рақмет!
Көкжиек шағын ауданында қаз-қатар тізілген үйлер 103 отбасыға берілді.
Ал Зашаған кентінде екі айда 80 баспана бой көтерді. Мұнда тасқын зардабын тартқан саяжайлықтар қоныстанады.
Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
– Қоныс тойларыңыз құтты болсын деймін. Баршаңызға рахмет айтамыз. Шыдамдылық таныттыңыздар. Оңай болмады, мен түсінем. Балаларыңызбен әкімшілікке келіп жүрдіңіздер. Жағдаймыз не болады деп. Бәрі бүгін шешілді.
Аймақ басшысы аумаққа асфальт жол төселіп, балалар ойын алаңы салынатынын жеткізіп, жаңа үйлердің кілтін өз қолымен табыстады.

