Бейжіңде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Бейжіңде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

«Жібек жолы голограммасы: Қазақстанға цифрлық туризм». Бейжіңдегі көрме осылай аталады. Интерактивті экспозиция Қытай астанасының тұрғындары үшін бір ай бойы ашық болады. Мұнда келушілер еліміздің тарихи көрікті жерлерімен, бай мәдениеті, қолөнері және тарихымен таныса алады.

Чэнь Сяохань, Бейжің ғылыми-техникалық қызмет компаниясының өкілі:

– Көрмеде толықтырылған және виртуалды шындық, кеңістікті модельдеу және басқа да технологиялар қолданылды. Қытайдың ғылыми-фантастикалық индустриясы арқылы біз мәдени және туризм салаларын жандандыратынымызға сенімдіміз.

Гао Цин, көрмеге келуші:

– Қазақстанда өзім әлі болмасам да, тамаша табиғатын тамашалай алдым. Технология арқылы Қазақстанмен жақынырақ танысқан соң, енді мүмкіндігім болса, міндетті түрде барып қайтамын деп шештім.

Көрмеге келушілер Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастық туралы да біле алады. Жеке тұрған экранда 30 жылда екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың дамуының маңызды кезеңдері жайлы ақпарат берілген.

Яо Пэйшэн, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

– Заманауи технологиялар өте өзекті, оларды пайдаланып, көп нәрсе жасауға болады.  Бүгін ашылған көрме виртуалды болса да, барлық бейне өте шынайы. Менің ойымша, бұл көрмені басқа қалаларда да ұйымдастырған жөн. Мұндай шаралар өте маңызды, себебі бұл елдердің өзара байланысын арттыруға көмектеседі.

Қатысушылардың айтуынша, цифрлық іс-шара келушілерді виртуалды көрсетілген жерлерді шынайы өмірде барып көруге ынталандырып, қызығушылығын оятты.