Бекіре-2023: Балық түрлерін аулауға қатысты 36 қылмыстық іс қозғалды

Жайық-Каспий бассейні су айдынында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың мыңға тарта жағдайы тіркелді. Заңсыз ау құрған 669 адамның жолы кесіліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сирек кезігетін және жойылып кету қаупі жоғары балық түрлерін аулауға қатысты 36 қылмыстық іс қозғалды. Оңай олжаға кенелемін деушілерге жалпы құны 15 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл – биылғы көктемгі науқандағы «Бекіре-2023» балық қорғау акциясының қорытындысы. Былтырдан бері табиғатты қорғау қамында қолға алынған кең ауқымды шараның мақсаты – құрып кету қаупі зор балық түрлерін сақтау.

Аян  Бахиянов, ҚР ЭТРМ балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

- Заңсыз айналымнан 68 тонна балық, оның ішінде мың келі бекіре, 29 келі бекіре балығының уылдырығы, 295 бірлік балық аулау құралдары, 76 бірлік су көлігі және 13 автокөлік тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті тексеру нәтижесінде  Су айдындарынан жалпы ұзындығы 74 шақырымнан асатын 743 бірлік заңсыз балық аулау құралдары алынды.

Сала маманы елімізде көлеңкелі айналымымен күресу үшін балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын тілге тиек етті. Ол балық аулаудан бастап, оны тұтынушыға сатуға дейінгі көлемді бақылайды. Айта кетейік, экология және табиғи ресурстар министрлігі браконьерлермен күресу үшін дрондар мен түнгі көру құралдарын сатып алуда. Биыл еліміздің балық шаруашылығы инспекцияларын материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту үшін 1,9 млрд теңге бөлінген.