Белдік тақпау, рөлде телефон ұстау: Астанада 6 мың smart камера қойылды

Белдік тақпау, рөлде телефон ұстау: Астанада 6 мың smart камера қойылды

Белдік тақпай, рөлде отырып телефон ұстасаңыз, айыппұлдың астында қалатынын естен шығармаңыз. Өйткені барлық аймақтағы көшелерге смарт бақылау жүйесі қойылып жатыр. Мәселен, елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, Астанада ақылды камералардың саны 6 мыңнан асқан. Жасанды интеллектпен басқарылатын құрылғы жолдағы жағдайды үздіксіз бақылап тұрады, айыппұлдарды автоматты түрде тіркейді. Бұған дейінгі камералар 4 түрлі құқық бұзушылықты анықтай алса, жаңа жүйе оны 15-ке жеткізген. Қазір бас қаланы жалпы 60 мыңнан аса камера қадағалауда. 818 бағдаршамның 600-ге жуығы көлік ағынына бейімделген. Яғни, олар жолдағы көлік қозғалысына қарай өз жұмысын автоматты түрде өзгертіп, кептелістерді азайтуға көмектеседі. Бүгінде елордада ресми 456 мыңға жуық автокөлік тіркеліпті. Бірақ тағы 50 мыңы тіркеусіз жүр. Күн сайын қалаға 100 мыңға дейін көлік кіріп-шығады екен. Рөлде отырып телефон қолданғандарға 5 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салынады. Бұл шамамен 22 мың теңге.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

- Қаладағы бейнебақылау камераларының саны бір жылда екі есеге артып, 60 мыңға жетті. Жаңғырту нәтижесінде автоматты түрде тіркелетін құқықбұзушылық түрлері 4-тен 15-ке дейін көбейеді. Егер бұрын біз тек 4 түрін ғана тіркеген болсақ, қазір 15 түрі тіркеледі. Оның ішінде рөлде отырып телефон пайдалану және тағы басқа да бар.