«Бірлік керуені»: Көшпенділер ойындарына өңірлерден Астанаға киелі су әкелінді
Дүбірлі додаға орай Елордада алуан түрлі мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі – «Бірлік керуені» деп аталады. Мақсаты – салтанатты ашылу рәсіміне өңірлерден Көшпенділер ойындарының негізгі символы саналатын торсық толы су жеткізу. Республиканың әр облысынан келген батырлар мен елшілер ЭКСПО қалашығы маңында бас қосты.
Көшпенділер ойындарының негізгі элементі ретінде су бекер таңдалған жоқ. Өйткені тіршілік көзі Қазақстан халқының ортақ күші мен бірлігін білдіреді, дейді ұйымдастырушылар. Керуен барлық өңірде 30 тамызда басталған. Әр аймақтан торсықты елордаға жеткізуі тиіс арнайы топ жасақталды. Олардың құрамында батырлар мен спортшылар, ақындар мен қоғам қайраткерлері бар.
Гүлдана Бірлік, ШҚО елшісі:
– Су алу рәсімі деген бар. Сол су алу рәсімінде өзіміздің Шығыс Қазақстан өңірінен Көккөл көлінің сарқырамасынан су алып, тайқазанға құю біздің міндетіміз. Менімен бірге 1 батыр, 10 елші болып,«Бірлік керуенін» бастап келіп отырмыз.
Астана төріне әр өңірден бір батыр мен 10 елші келді. Олар Қазақстанның 20 аймағынан қадір-қасиеті жоғары саналатын өзен-көлдердің тұнық суын жеткізді. Мәселен, Алматы облысы әлем туристерін тамсандырған Көлсай мен Қайыңдының қайнарын торсық толтырса, ерке Ертіс-Баян өңірінен келгендер Торайғыр тауынан құлай аққан бұлақты құтқа балаған.
Ақерке Жұманбаева, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы:
– Әр өңірден су толтырылған торсықтар әкелініп жатыр. Сол торсықтарды бүгін ресми түрде Астана қаласында бір жерде Экспо алаңында жинаймыз. Ол торсықтардың бәрі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуында Тайқазанға құйылып, үлкен бір әдемі көрінісін табатын болады.
Дәл сол күні Астана аспаны түнеріп тұрды. Бірақ бұлтты ауа райы келушілердің көңіліне көлеңке түсіре алмады.

