Болашақ бағдарламасы Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттырады

«Болашақ» бағдарламасы 30 жылда заман ағымына ілесіп, жаңа халықаралық талаптарға сай түрленді. Еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындауда өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Халықаралық стипендияның мерейтойына орай 50 мемлекеттен келген ғалымдар мен сарапшылар елордада бас қосып, «Болашақ» бағдарламасының трансформациялау барысын талқылады. Сондай-ақ жиын барысында жақында Қазақстанның өңірлерінде шетелдік университеттердің филиалдары ашылатыны белгілі болды. 

Әлия Оспанова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрайымы:

- Біз біріншіден техникалық және медициналық мамандықтарға бағдарлы болдық. Екіншіден, ауылдық жастарға және претенденттерге арнайы квота бөлдік. Үшіншіден біз ғылымға бағыттадық. Сонымен қатар регионымызда Орта Азияда бірінші болып, 500 ғалым бағдарламасын іске асырдық. 

Пол Нун Обе, Ковентри университетінің профессоры:
- Қазақстандық жастар өте білімді. Былтыр біздің университетке 30 студент келсе, биыл тағы 30 келді. Барлығы бірден оқу процессіне еш кідірместен үйренісіп кетті. Қазақстан – жас мемлекет. Десе де адам капиталы жақсы дамығанын көріп отырмыз. Қазақстанның білім саласын одан сайын дамыта түсу үшін біздің университет өз көмегін аямайды. Сондықтан Қазақстанмен қуана өзара әріптестікті нығайтуға әзірміз. 

«Болашақ» бағдарламасымен 12 мың қазақстандық шетелдің үздік жоғары оқу орындарында  білім алды. Бүгінде ел игілігі үшін әр салада еңбек етіп жүр.