Brent бағасы қайта қымбаттады

Brent бағасы қайта қымбаттады

Мұнай бағасы қайта қымбаттай бастады. Бүгін Лондон биржасында ICE фючерсінде Brent құны 0,65%-ға өсіп, сауда 95 доллармен жасалған. Ал WTI - 90 доллар шамасында. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ормуз бұғазы әлі ашылған жоқ. Дегенмен, жекелеген танкерлер өткізіліп жатыр. Мәселен, Сауд Арабиясының шикізаты тиелген кеме Қытайға бағыт алыпты.  Екі күн бұрын Иранмен келісім оң нәтиже бермегендіктен Ақ үй әкімшілігі Парсы шығанағына бөгет қоюды ұйғарған. Әзірге Иран мен АҚШ қайта келіссөз жүргізеді деген ақпар бар. Бұған дейін ресми Тегеран Вашингтонның атомнан бас тарту шартын орындамайтынын мәлімдеген. Ал бүгінгі нарыққа АҚШ-тың Қытаймен кездесу өткізеді деген ақпараты әсер етіп тұрған сыңайлы. Блумберг дерегіне қарағанда, Дональд Трамп пен Си Цзиньпин келесі аптада жеке кездесуі тиіс. Қазір шикізат нарығындағы инвесторлар да әліптің артын бағып отыр. Есесіне, алтын нарығы тұрақты өсіп келеді. Бағалы металдың унциясы 4 823 долларға теңескен.