Алаш арыстарының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні. Мерекеге орай елордада 300-ден астам ғылыми конференция ұйымдастыру жоспарланған. Екі аптаға жалғасатын іс-шаралар легінде концерттік бағдарламалар мен қойылымдар да қамтылады.

Тілдер мерекесінің дәл осы күні тойлануы бекер емес. Бүгін ақын, публицист, тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Айтулы дата елордада кеңінен атап өтілді. Алдымен «Қаламгерлер» аллеясында саланатты-іс шара өтті. Жиналғандар ұлт көсемдерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сәкен Есіркеп, Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Тіл мерекесін тек 5 қыркүйекпен шектемейміз. Мұны арнайы декада түрінде немесе екі апта көлемінде атап өтеміз. Қаладағы 500 автобусқа қазақ тіліндегі постер ілінді. Сонымен қатар, 50-ге жуық ірі сауда орындарында қазақтың поэзиясынан үзінділер аудио түрінде таратылып жатыр. 

Іс-шарада азаттық үшін күрескен нар тұлғалардың еңбегі жайлы сөз қозғалып, рухына тағзым етілді. Ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы төл әліпбиімізді жасап,  қазақ терминологиясын қалыптастырды. Алты алаштың мінберіне айналған «Қазақ» газетін ұйымдастырған да өзі. 

Ерлан Каналимов, қалалық Мәслихат төрағасы:

– Кейінгі кездері Алаш идеясы жаңа сатыға бет алды деп айтуға болады. Өйткені Мемлекет жолындағы, қоғамның даму жолындағы идеялар, мағыналы істер ешқашан ұмытылмайды. Сол себепті тілдер күніне арналған шаралардың маңызы зор. 

Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Тау тұлғалар да солай. Оларға құрмет уақыт өткен сайын еселеніп, еңбегі мен ерлігі ел жадынан мәңгі өшпейді.