Былтыр 8 млн-ға жуық қазақстандық елдің көрікті жерлерін аралаған

Мұны ішкі туристер ағынынан байқауға болады дейді сарапшылар. Мамандардың дерегінше былтыр отандық саяхатшылар легі артып, 8 млн-ға жуық адам туған жердің кереметтерін қызықтаған. Бұл ковидтік шектеулерден бері тіркелген рекордтық көрсеткіш. Қазақстандықтардың бұл реттегі белсенділігі тағы бір жаңа арнаға бұрылғанын айта кету керек. Дені экологиялық туризм бағытын таңдайды. 

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:

- Бұрындары қазақстандық экотуризм бағыты көбіне шетелдік туристер үшін тартымды болатын. Сырттан келген саяхатшылар жиі осы бағытты таңдайтын еді. Жаһандық деңгейде өткен пандемиялық кезеңде қазақстандықтар арасында да бұл экологиялық бағыт танымал бола бастады. Былтыр ішкі туристердің ең көп бөлігі Алматы маңындағы тау бөктерлерінде демалуды қалаған. Ал ұлттық табиғи парктер жөнінде айтар болсақ, Бурабай ұлттық паркі келушілер бойынша көш бастады. Жалпы еліміздің табиғи парктеріне қызығушылық артып келеді.   

Қазақстанның дәл осы бағытты дамытуна қажетті әлеует жеткілікті. Еліміздің әсем табиғатын көруге асық жандар баршылық. Сұранысқа сай ұсыныс бар. Осындай көрікті аймақтардың бірі – Атырау өңірі.  Өлкедегі Қиғаш өзенінің айналасы Каспийдің гүл ашқан лотостарына толы. Бұл ерекше көріністі тамашалауға ниетті жандар қатары аз емес.   

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:

- Бұл бірегей көрініс десем артық айтпаспын. Себебі әлемнің  солтүстік бөлігінде гүлдейтін лотостарды басқа бір жерден іздеп жүріп  кезіктіре алмайсыз. Жергілікті тураператорлар осыны негізге алып осы ерекше аймаққа, жалпы елімізге саяхатшыларды тартатын туристік пакеттер құра алады.  Атырау облысында Сарайшық сапар-орталығы ашылды, бұл көне қалашықтың тарихы, өңірмен қатар Қазақстанның өткенінен сыр шертетін жәдігерлерге толы. Атырау жері мұндай киелі тарихи мекендер мен әсем табихи көріністерге бай. Олардың бірі тұзды көл. Сондықтан өлкенің таңдай қақтырар сырлары көп.

Қазақстан Үкіметі инфроқұрылымды кеңейту, жолдарды жаңарту, жаңа темір жол желілерін ашу сынды салалық бағдарламалар құрудың шарапаты туризм бағытын дамытуға серпін беріп келеді. Отандық бірегей бастамалардың бірі – Kids go free.  Бұл бағдарламаның  арқасында соңғы екі жылда 3,5 мыңға жуық қазақстандық балғын ел ішінде әуе көлігімен тегін сапарлады.

Жеңіс Ермұқанов