Түркістанда көне жәдігерлер музейге тапсырылды

Түркістанда көне жәдігерлер музейге тапсырылды

Екі ғасырлық тарихы бар діни-рухани кітаптар мен жазба ескерткіштер «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне табысталды. Көне артефактілерді түркістандық Тұрмағанбет Лахабаев көзінің қарашығындай сақтап келген. Қарияның айтуынша, бұл мұралар бала кезінен әулетінде сақталған. Музей мамандары жәдігерлердің тарихи құндылығы бар деп есептейді. Қазір олар зерттелуде, кейінірек қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Тұрмағанбет Лахабаев, қала тұрғыны:

- Әкемнен 3 жасымда айырылдым. Ол кісі бұл кітаптарды анама тапсырған еді, сондықтан біздің үйде тұрды. Әкеден қалған жәдігерді ешкім баспасын, тимесін деген мақсатпен музейге тапсырып отырмын.

Ерсін Тәжібаев, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының міндетін атқарушы:

- Жәдігерлердің сақталу деңгейі өте төмен, өйткені қария соңғы рет 50-ші жылдары ашып қараған. Арада ұзақ жылдар өткендіктен, заттардың жағдайы нашар күйге түскен. Кітапта жазылған дүниелер Адам мен Ібіліс арасындағы оқиғаларды баяндайды. Сондай-ақ ауруды емдеу дұғалары жазылған.