Д.Трамптың жарлығы: АҚШ-тағы өзгерістер

Д.Трамптың жарлығы: АҚШ-тағы өзгерістер

Бүгін Дональд Трамптың АҚШ Президенті лауазымына кіріскеніне тура 100 күн. Осы уақытта АҚШ-та қандай өзгеріс болды? Сайлау алдындағы қандай уәдесін орындалды? Америкалықтар Трамп реформасын қалай қабылдап жатыр?  

Трамп билікке келген күннен 124 жарлыққа қол қойып рекорд орнатты. Бұл оның алдындағы мемлекет басшылары лауазымда болған бүкіл мерзімде шығарған жарлықтары санына жақындады. Трамп сайлауалды бағдарламасында америкалықтарға уәдені үйіп-төккен еді. Сонымен қандай уәдесін орындады? Бірнешеуіне тоқталайын.  

Шекараны қорғап қауіпсіздікті арттырды. 2024 жылдың ақпанымен салыстырғанда мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту 94 пайызға қысқарған. Бұған дейін мигранттарға арналған мемлекеттік емес паналар Төтенше жағдайларды басқару федеральды агенттігінен жүздеген миллион бюджет қаражатын алып келген еді. Фентанил проблемасын шешу шаралары қабылданды. Трамп АҚШ-қа есірткі жеткізілімін тоқтату мақсатында Қытай, Мексика және Канадаға қысым көрсетті. Ішкі қауіпсіздік министрлігі Трамп билікке келген алғашқы 100 күннің ішінде есірткінің «теңдессіз» көлемі тәркіленгенін жария етіп, президент «Американы қайтадан қауіпсіз ету» уәдесін орындағанына мәлімдеді. 100 күндік жетістігін тойлау барысында Детройда өткен шарада Трамп өзінің жұмысына жоғары баға берді. 

Дональд Трамп АҚШ Президенті 

Біз бүгін еліміздің тарихындағы кез келген әкімшіліктің ең сәтті алғашқы 100 күнін атап өту үшін еліміздің қақ ортасында жиналдық! Біз Вашингтонда 100 жылға татитын ең маңызды өзгерістерді 100 күнде жасадық. 

АҚШ-тың саяси саласында федералды бюрократияны реформалау жүргізіліп жатыр. Трамп федералды институттар мен атқарушы билікті қысқартып, БАҚ-пен барлық федералды келісімшартты бұзуға бұйрық берді. Сонымен қатар ағылшын тілін АҚШ-тың ресми тілі ретінде бекітті. Экономика саласында АҚШ-қа инвестиция тарту және жұмыс орындарын арттыруға, елде өндіріс ошақтарын қайтаруға, америкалық энергетикалық компанияларға қолдау көрсетуге басымдық берілді. Мәселен, бір ғана Apple АҚШ-қа 500 млрд доллар инвестиция құйып, 20 мың жаңа жұмыс орнын құратындығын жария етті. Қазақстан тарапы Трамптың саясаты арадағы алыс-беріске айтарлық тай әсер етпейді деп отыр.  

Серік Ашитов, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің департамент директоры: 

- АҚШ енгізіп жатқан шаралар Қазақстанға көп әсер етпейді. Оның шектеулері экспорттың 4,8 пайызына ғана қатысы бар. Еліміздің негізгі экспорты - АҚШ-қа шығатын уран, мұнай, күміс, фероқорытпаға сол көлемде жөнелтіліп отырады.  

Трамп Қытайға тәуелділікті төмендету мақсатында АҚШ-та аса маңызды қазбаларды өндіруді кеңейту туралы жарлыққа қол қойды. Трамптың тапсырмасымен елде бюджетті үнемдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Трамптың экономикалық бағдарламасы жүз күн ішінде оң нәтиже берді. Бензиннің ұлттық орташа бағасы құлдырап, 34 штатта бір галлон үшін 3 доллардан төмендеді. Наурызда ел бойынша бензиннің орташа бағасы ақпан айымен салыстырғанда 9,5 центке және бір жыл бұрынғыдан 42,4 центке арзандады. Халықаралық салада Трамптың тариф саясаты саудадағы тапшылықты жоюға бағытталған. Ол барлық болат пен алюминий импортына 25 пайыздық баж салығын енгізді. Мұнан бөлек, АҚШ Қытайдың Панама каналындағы бақылауын тоқтатып, оны Штаттардың заңды иелігіне қайтаруға тырысты. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сапарынан кейін Панама президенті Хосе Рауль Мулино Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасынан шығуға келісті. CK Hutchison Holding компаниясы панама каналының екі жағында да жұмыс істеп тұрған порттарын америкалық консорциумға сатты.  

Десе де әлеуметтік сауалнама америкалықтардың басым бөлігінің Трамп әкімшілігі жұмысына қанағаттанбайтынын көрсетіп отыр. Бірақ Pew мәліметтері бойынша республикашылдар арасындағы қолдау тұрақты. Ал, демократтар Трамптың саясатына қырын қарайды.