Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия президентімен кездесуіне қатысты

Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия президентімен кездесуіне қатысты

«C5 + Германия» диалогы туралы бастама елдер арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді.  Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Президентімен кездесуіне айтты. Мемлекет басшысы аймақ мемлекеттері көшбасшыларының бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға болатын ықпалдастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық қарым-қатынас, жаңа көлік-транзит дәліздерін дамыту, энергетика саласындағы кооперация мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ, климаттың өзгеруіне және су тапшылығы проблемасына, мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты мәселелерге  баса мән берді. Мемлекет басшысының пікірінше, Германияның аталған проблемаларды шешудегі тәжірибесі аймақ үшін аса маңызды. Кездесуде мемлекет басшылары Орталық Азия өңірі мен Еуропа Одағы төңірегіндегі геосаяси жағдайға қатысты мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар Ауғанстандағы қазіргі жағдай қарастырылды. Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Украинадағы дағдарыс Еуропаның, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді деген пікір айтты. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұған жауап ретінде өзара тиімді бейбіт шешімдер іздеуге бағытталған салиқалы дипломатия қажет екенін тағы да мәлімдеді. Мемлекет басшысы тараптардың нақты келіссөздерге кірісуі қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Азия елдері мен Германия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту қажет деді. Атап айтқанда, президент ғылым және білім салаларындағы бірлескен жобаларды, неміс тілін оқыту бағдарламаларын іске асыруды қолдады.