Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы шегенделді

Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны демаркациялауды аяқтады. Бұл туралы республика Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Айбек Смадияровтың айтуынша, тараптар тиісті келісімге өткен жылдың желтоқсан айында қол қойды. Бірақ Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарт 4 шілдеде күшіне енді. Мемлекеттік шекараны демаркациялау процесі 19 жылға созылды. Жалпы алғанда, екі ел арасындағы шарт күшіне ену үшін 100 раундтан тұратын келіссөз жүргізіліп, бірлескен комиссиялардың отырыстары өткізілді. Нәтижесінде ұзындығы 2357 шақырым болатын шекара сызығы 1301 шекаралық белгімен белгіленіп, көлемі 8 мың парақтан асатын шегендеу құжаттары көрсетілді.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ-нің ресми өкілі:

- Кейбір жерлерде шекара елді мекендер арқылы өтті. Шекараны белгілеу жұмыстарын жүргізген кезде кей жерлердің ландшафтары өзгерді. Атап айтқандар, өзен-көлдер, ауылдар, таулар. Сондықтан бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілді. Екі елдің де мүддесі қорғалып, ешбір сұрақ туындаған жоқ. Бұл қос тарап бірдей қатысатын өте қиын процесс. Сонымен қатар оған тек Сыртқы істер министрлігі, заңгерлер ғана емес, геодезистер, картографтар, шекарашылар да атсалысады, яғни көптеген құрылымдар қатысады.

Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің айтуынша, елдер арасындағы мұндай келісімнің күшіне енуі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, екіжақты, өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал етеді. Сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңды ресімдеу процесінің оңтүстік бағытта аяқталуын білдіреді.