Елімізде 3 жаңа облыс құрылады

Қазақстанда 3 жаңа облыс құрылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында белгілі болды. Мемлекет басшысы Семей аймағында Абай, Жезқазған аумағында Ұлытау облысын құруды ұсынды. Ал Алматы облысын екіге бөлу көзделіп отыр. Жаңа құрылатын Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болмақ. Алматы облысының орталығына Қапшағай қаласы таңдалып отыр.

Айта кетейік, Президент Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы ұсынысты қолдайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларына ұлы тұлғалардың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы еліміздің біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер тұрғындар қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруді ұсынса, мен мұны қолдаймын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады. Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл – оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек.