Ұлттық құрылтай көптеген мәселені шешеді – Депутаттар

Ұлттық құрылтай көптеген мәселені шешеді – Депутаттар

Қазақстанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнын Ұлттық құрылтай басады. Осылайша қоғамдық талқылау жаңа деңгейге шықпақ. Өйткені мемлекет пен халықтың арасында сенімді диалог болу керек. Еліміздің депутаттары осындай пікірде. Жаңадан құрылатын құрылтай көптің көкейінде жүрген мәселелерді шешуі тиіс.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұлттық құрылтайдың құрамына депутаттар, эксперттер, саясаттанушылар кіреді. Сонымен қатар Ұлттық құрылтай Қазақстанның барлық аймағында жұмыс істейді. Яғни осыған дейін облыстық, аудандық деңгейде болған қоғамдық кеңестің барлығы осы Ұлттық құрылтайдың форматына енеді.

Құрылтай ұлттық диалог алаңын кеңейтуге, экономикалық, әлеуметтік, рухани, моральдық проблемаларды қоғаммен бірге ашық талқылауға және нақты шешімдер қабылдауға қажет. Депутат Саясат Нұрбек құрылтайдың ұлтты ұйыстырудағы рөлі маңызды болатынын баса айтты.

Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда біз ұлтымызды жинақтауымыз керек. Қоғам қазақи, қазақи емес, орысша сөйлейтіндер мен сөйлемейтіндер, қалалық пен ауылдық, көлігі, пәтері бар мен жоқ болып бөлініп кетті. Бұл өте қауіпті.