Өзбекстан Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді
Қазақстан мен Өзбекстан алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітті. Былтыр мемлекеттер Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойған болатын. Бұл маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін бермек.
Сондай-ақ Өзбекстан
Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында бірқатар құжаттарға қол
қойылып, нысандар ашылды.
Өзбекстан Қазақстанның стратегиялық серіктесі және одақтасы. Соңғы жылдары қазақ-өзбек қатынастары барлық бағыт бойынша өркендеп келеді. Көрші ел Президентінің сапары бұл байланысқа тың серпін бермек. Келіссөз барысында екі ел басшысы саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпалдастықты дамыту тетіктерін талқылады.
– Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бүгінгі кездесуіміз екі халық арасындағы сан ғасырға жалғасқан достық және тату көршілік қатынастардың тінін нығайта түсіп, стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды жаңа деңгейге көтереді.
– Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік кооперацияға зор үміт артамыз. Қазіргі кезде жалпы сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орны ашылады.

