Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жұмыс сапарымен барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жұмыс сапарымен барды

Қазақстан мен Ресей басшылары Кремльде өткен кездесуде білім саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды. Сонымен қатар жоғары білікті инженерлік кадрларға сұранысты ескере отырып, «Болашақ» бағдарламасы бойынша еліміздегі жетекші ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарының желісін кеңейту және көршілес мемлекетте мамандар даярлау туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда көпке жақсы танымал жоғары оқу орындарының филиалы ашылады. Бұл Мәскеу инженерлік-физика институты, Губкин университеті, Бауман училищесі. Бұл білім беру және өзара қолдау саласындағы елеулі ілгерілеу деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған стратегиялық сипаттағы бірлескен жобаларға ерекше назар аударылады. Тараптар цифрландыру және ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсуге ниетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін өндірістік кооперацияны дамыту жолдарын бүге-шүгесіне дейін талқыладық. Бұған дейін қос мемлекет 13 жобаны аяқтады. Енді жалпы құны 2,6 млрд доллар болатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Тағы инвестицияның жалпы құны 1,5 млрд доллар болатын 11 жобаны бастау мәселесі пысықталады.

Келіссөздер барысында екі ел басшылары тауар айналымының көлемі айтарлықтай артқанын атап өтті. Өткен жылдың өзінде ол 21 млрд долларды құрап, пандемияға дейінгі деңгейден асып түсті. Сонымен қатар Қазақстан экономикасында ресейлік компаниялар инвесторлардың бестігіне кіреді. Жалпы 17 млрд доллар инвестиция құйылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда шетел капиталының қатысуымен кәсіпорындар саны бойынша Ресей сөзсіз көшбасшы болып табылады. Олардың әрбір үштен бірі ресейлік компаниялардың қатысуымен жасалған. Жалпы инвестициялық портфель барлық дерлік салада ұсынылған.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазанға аттанды. Президент көрнекті жерлерді аралап, республика басшысы Рустам Миннихановпен кездесу өткізеді, сондай-ақ еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының қызметімен танысады.