Мәжіліс геологиялық барлауды оңтайландыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстары жеңілдейді. Ел мәжілісі осыны  көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат көмірсутектерді барлау мен өндіруге қатысты жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ базалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу рәсімдерін оңтайландыруды мақсат тұтады. Сонымен қатар елде кен орындарын әзірлеу барысында жер қойнауын пайдаланушылардың қаржылық және әкімшілік шығындарын азайту ескерілген. Аталмыш құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің реттеуші шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, олар біріншіден нақты геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшу. Екіншіден әкімшілік рәсімдер бойынша екі есеге, нақтылап айтқанда 120 күннен 50 күнге дейін, үшіншіден барлық сараптаманың мерзімін 8-12 айға дейін қысқарту мен  инвестициялық қызығушылықты арттыру.

Қазақстанда жаңа экспорттық-кредиттік агенттік құрылады.

Сондай-ақ төменгі палата отандық экспортты дамытуға қатысты заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат аясында елде заманауи экспорттық-кредиттік агенттік құру көзделіп отыр. Бұл ретте, Венгрия, Ресей, Австралия және Үндістан сынды мемлекеттердің тәжірибесіне талдау жүргізілген. Жаңа институт экспорттық операцияларды сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдендіру және қаржыландыруды жүзеге асыратын болады деп күтілуде. 

Қайрат Төребаев,  ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы:
- Яғни өзге компаниялардың функцияларымен қайталанбайтын функцияларды қарастыру ұсынылады. ЭКА жұмысынан келесі нәтижелер  күтілуде. Біріншіден, 2025 жылға орай 41 млрд АҚШ долларына дейін шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемінің өсуі туралы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы индикаторына қол жеткізу.