Дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салынады

Дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салынады

748 млрд теңге - биыл Батыс Қазақстан облысы негізгі капиталға дәл осындай көлемде инвестиция тарта алған. Былтырғы жылдан 17,2 пайыз артық. Әрине, бұл сомамен тоқтап қалуға болмайды. Сондықтан оны өсірудің жоспары құрылады. Бүгін аймақта инвестициялық штаб бойынша үлкен жиын өтіп, осындай деректер айтылды. Тілшіміз тарқатсын.

 

Инвестициялық штабтың отырысы — бұл Оралда ай сайын өкілетті алқалы жиын. Бұл жолғы отырыста дәрі-дәрмек пен биологиялық белсенді қоспалар өндіретін фармацевтика зауытын салатыны айтылды. Жоба құны — 33 млрд теңге. Қазір дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Дегенмен, сапа стандарттарына сай аппараттар алынып, өндірістік база таңдалған.

Жанболат Ғайнешұлы, ASAR BIOTECH компаниясының өкілі:

- Бұл препараттар онкология және қан ауруларына шалдыққан науқастарға арналады. Маңызды жоба экономикалық өсімге ғана емес, ең алдымен медициналық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, халық денсаулығын жақсартуға да оң әсер етеді.

Ал, ирандық инвесторлар өңірде тері өңдеу зауытын салмақ. Облыс әкімі өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызды екенін айтып, биылғы жеке инвестициялардың 38 пайызы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі деді.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Кеше ғана 11 айдың қорытындысын алдық. Әзірге көрсеткішіміз жаман емес. Енді бір ай ғана уақыт қалды. Осы бір айда тиісті жұмыстарымызды жүргізуіміз керек.

Жиын соңында құзырлы құрылымдар мен аудан басшыларына инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Авторы: Біржан Амангелдіұлы, Самат Мусин