Дауыс берушілерге барлық жағдай жасалады

Дауыс берушілерге барлық жағдай жасалады

Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумға екі апта қалды. Ел болашағы үшін маңызды саяси науқан жаңартылған заңнама бойынша өтеді. Қазір аймақтарда оған дайындық жұмыстары қызған. 

Референдум күні елдегі 10327 сайлау учаскесінің 945-і Түркістан облысында жұмыс істейді. Қазір олар материалдық қажеттіліктермен жабдықталып жатыр. Тіпті референдум күні мүмкіндігі шектеулі жандардың да өз таңдауын жасауға барлық жағдай жасалады. 

Мұхтар Ерман, ҚР орталық референдум комиссиясының хатшысы:

– Ең басты біздің мақсатымыз – әр өңірдің тұрғындарына толық жағдай жасау. Тізімге кіргізу, ақпарат беру, сайлауға шақыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жасау. Инватаксиі бар, сурдо аударма бар, тіисті жабдықтармен толық қамтамасыз ету. Жалпы учаскелердің дайындықтары жаман емес, тиісті материалдық жабдықтармен толығымен қамтылған.

Облыстық аумақтық референдум комиссияларының мүшелері қазір арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін арттыруда. Аумақтық комиссиялар саны 18 болса, жалпы байқаушылар саны 6433. Өңірде әдеттегі дауыс беру учаскелерінен бөлек референдум кезінде уақытша учаскелер де жұмыс істейді. 

Қайрат Бердіқұлов қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы: 

– Біз бүкіл емделуші азамат, азаматшалардың конституциялық құқығы бойынша олардың дауыс беруін қамтамасыз етеміз. Сол жатқан жерінде. Сонымен қатар, бізде қаладағы арнайы тарату орны деген бар, ішкі істер органдарында. Сол жерде әкімшілік қамауда жатқан азаматтар мен азаматшалар бар. Солардың да құқығын шектемеу мақсатында осындай екі жабық учаске ашылған. 

Жалпы дауыс беруші учаскеге келгенде ең бірінші азаматтың сол жердегі тізімде бар жоғы төлқұжаты арқылы тексеріледі. Одан соң дауыс беру бюллетенін алып, өз таңдауын жасайды. 

Түркістан облысында 1 млн 180 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. Тұрғындар өздерінің учаскелерін білу үшін Telegram желісіндегі tur_saylaw_bot немесе 109 Call орталығына хабарласа алады.