Қаңтар оқиғаларын ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет еткен – ҚР Бас прокуратурасы

1,5 мыңнан астам мемлекеттік және коммерциялық ғимаратқа залал келтіріліп, 765 автокөлік өртенді, 3 000-ға жуық қару-жарақ ұрланды. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов қаңтар оқиғалары бойынша жүргізілген тергеу барысы туралы мәлім етті. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет еткен. 4-5 қаңтар аралығында 11 аймақта жаппай тәртіпсіздік орын алды. Топтың бір бөлігі дүкендерді тонап жатса, басқа топтар әкімдіктер, Президент резиденциясы, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен басқа да стратегиялық нысандардың ғимараттарын басып алды. Берік Асылов басқыншылар қатарында экстремистер, қылмыстық топтар және радикалдар болғанын атап өтті.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- Тонау мен нысандарды өртеу басталды. Осы дүрбелеңді қарулы радикалдар пайдаланып, нақты шабуылдар ұйымдастырды. Біз осыдан оқиғаның экстремизмге, криминалға және діни радикализмге ұласқанын көріп отырмыз. Егер мемлекет тарапынан нақты шешім болмаса, бұл толқындардан кейін басқа да салдар болып, соңғы кезеңде билікті күшпен басып алуға барар еді. Осыдан ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет еткенін айта аламыз.

Бас прокурор азаматтар мен бизнеске, мемлекетке млрд-таған шығын келтірілгенін атап өтті. Бұл әрекеттердің түпкі мақсаты – билікті күшпен басып алу болған. Оның үстіне Берік Асыловтың айтуынша, қауіпсіздік күштері зорлық-зомбылықты ауыздықтауға тырысып, қаруды соңына дейін қолданбаған, тек өлімге әкелмейтін құралдармен, атап айтқанда резеңке оқтар, көзден жас ағызатын газ және дыбысты гранаталарды қолданған.

Авторы: Гүлбану Тәжібек