Депутат мемқызметкерлерге жеңілдетілген ипотека беруді ұсынды

Депутат мемқызметкерлерге жеңілдетілген ипотека беруді ұсынды

Орта және төменгі санаттағы мемлекеттік қызметкерлерге арланған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылуы қажет. Бүгін мәжілісмен Ерлан Стамбеков Премьер-министр атына осындай депутаттық сауал жолдады. Келтірген дәйекке қарағанда, орта және төменгі санаттағы мемлекеттік қызметкерлер көп жағдайда баспана алу бағдарламасынан ысырылып қалады. Ал коммерциялық банктердің ипотекасына қатысуға жалақылары жеткіліксіз. Мұнда Ерлан Стамбеков мәселені шешудің басты тетігін де атады. Яғни, оларды «Отбасы банкі» арқылы жүретін ипотекалық бағдарламаға бастапқы жарнасыз қатыстыру керек. Бұл бір жағы тұрмысты реттесе,  екіншіден жүйедегі кадрлық тапшылықды тоқтатуға мүмкіндік береді.

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын арттыру, сондай-ақ қызметкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында Үкіметке төмендегіні қарастыруды ұсынамын:

Орта және төмен буындағы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейі мен табыс деңгейі арасындағы теңсіздікті жоятын еңбекақы төлеу тәсілдерін әзірлеп, енгізу. Орта және төмен буындағы мемлекеттік қызметшілерге арналған әлеуметтік ынталандыру жүйесін енгізу. Бұл жүйе медициналық қызмет көрсету, білім алу және тұрғын үй сатып алуға қатысты жеңілдіктерді қамтуы тиіс.