«Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» кеңесі өтті
Жаңа оқу жылы да таяп қалды. Әр аймақта педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясын өтіп жатыр. Ұлытаулық ұстаздар да биыл цифрландыру және жасанды интеллект технологияларды талқылап жатыр. Өңірде «DIGITAL KAZAKHSTAN: ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ» тақырыбында кеңес өтті. Оған 500-ге жуық мұғалімі қатысты.
Ұлытау облысы биылғы оқы жылына толық дайын. Аймақта алдымен мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінген. Ол үшін қазынадан 79,6 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 276,9 млн теңгеге 10 шағын автокөлік алынды. Ал 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыру үшін шамамен 1,5 млрд теңге қаражат бөлініпті.
Ұлантай Үсенов, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары:
– Қазіргі таңда Ұлытау облысында 87 мектеп, 50 балабақша, 10 қосымша білім беру ұйымы және 14 колледж бар. Біз ҚР оқу ағарту министрлігімен Қлытау облысы бірлесіп баршаға қолжетімді сапалы білім ұлттық баяндамасы негізінде жол картасын әзірледік. Аталған жол картада балаларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, білім беру нысандарын модернизациялау, материалдық техникалық базаны жетілдіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттар қамтылды. Биыл 350 млн теңгеге 25 білім нысандарына жөндеу жүргізілді.
Педагогтар биылғы конференцияны білім беруді цифрландыру саласына арнады. Осы орайда өздерінің инновациялық идеяларын ұсынған ұстаздардың интерактивті цифрлық көрмесі де ұйымдастырылды. Онда инновациялық жобалар, цифрлық мектептерге виртуалды турлар, интерактивті ойын элементтері қамтылған практикалық көрме және тақырыптық жұмыс студиялары жұмыс істеді.
Пленарлық отырыс соңында облыстың білім беру саласында озық шыққандар марапатталды. Аймақтың ұстаздары «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім үздігі» төсбелгілерімен қоса Оқу ағарту министрлігі мен Ұлытау облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.

