«Digital Nomad Visa»: Қазақстанға IT-мамандарды тарту

«Digital Nomad Visa»: Қазақстанға IT-мамандарды тарту

Қазақстанда жаңа виза түрі пайда болады. Қазір цифрлық даму министрлігінде IT мамандар үшін арнайы рұқсат құжатын әзірлеу талқылануда. Ведомство «Digital Nomad Visa» жобасы отандық IT-нарықты дамыту үшін жақын және алыс шетелдерден халықаралық мамандарды тарту ісіне қан жүгіртетініне нық сенімді. Сондай-ақ жаңа жүйе құнды білімі мен дағдылары бар отандық жоғары білікті кадрлардың елге оралуын ынталандырмақ. Бұл тек диджитал саласында ғана емес, сонымен қатар ғылым, білім, денсаулық сақтау, өндіріс, спорт және мәдени саланың білікті мамандарына да тікелей қатысты болмақ. Еске сала кетейік, Президент 2026 жылға қарай IT-экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізу мақсатын қойды. Біздің еліміз креативті экономикасы дамыған ақпараттық технологиялар орталығына айналуы тиіс.

Әлішер Шиманов, ҚР ЦДИАӨМ департаменті басқармасының басшысы:
-
Бүгінгі таңда біздің министрлік осы салада IT-мамандар мен құнды кадрлардың келуі және орналасуына қатысты барынша жағдай жасау үшін белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі жағдайды ескерсек мұндай визаны жасау Қазақстанның экономикасы үшін елеулі артықшылықтар береді. Қазір елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды өсуі байқалады. Бүгінде көптеген халықаралық компаниялар мен әлемдік IT-индустрия Қазақстанды өз қызметін ұйымдастыру үшін тартымды деп санайды. Сондықтан елде IT-мамандарға сұраныс артып келеді.