Димаш пен Қазақстан егіз ұғымға айналды

Айдай әлем халқы қазақтың әндерін жаттап, елдің тарихымен танысуға асық. Саф өнері арқылы бұған дүйім жұрттың ынтасын оятқан Димаш Құдайберген есімі ел аузында. Ерекше даусымен төрткүл дүниені таңдай қаққызған сахна саңлағының дүние жүзі бойынша миллиондаған жанкүйері бар. Олар өздерінің  сүйікті әншілерін дәріптеумен қатар, оның құрметіне жаһандық деңгейде  түрлі қайырымдылық және экологиялық игі шараларға мұрындық болып жүр. Бұл қатарда америкалық фан-клубта бар. Біздің арна мұхиттың ар жағындағы осы топтың мүшелерімен кездесті. Олар Димаштың Қазақстандағы концерттерін қалт жібермей, қазақтың бірегей болмысын танып, әншілік құдіретіне қанық болдық дейді. Дені елорда мен Алматы қалаларының сәулетімен тұмса табиғатымен танысып үлгерген. 

Бұл бір-біріне мүлдем ұқсамайтын қалалар. Екі шаһарды аралау арқылы ұмытылмастай әсерге бөлендік. Болашақта Қазақстанға қайтып оралғымыз келеді. Тек бұл жолы Димаштың туған жеріне барып, оның өскен жерін көрсек дейміз. Біздің жанкүйерлер клубын оның отаны мен мәдениеті қатты қызықтырады. Сондықтан біз бұндай дарын иесін тәрбиелеп, өсірген қазақ жерімен танысқымыз келеді.

Жеке өзіме «Махаббат бер маған» атты әні қатты ұнайды. Мен бұл әннің қазақ және қытайлық нұсқасын жаттап алуға тырыстым. Оны тыңдаған кезде ішік жан дүнием тебіреніп, жүрегім қатырақ соға түседі.

Мені оның ең алдымен ерекше даусы мен бірегей әндері баурап алды. Ол – өзге әншілер мен музыканттарға ұқсамайтын дара талант иесі.   Біздің жанкүйерлер клубы арқылы мен оның өзге де қырларын көбірек тани бастадым. Димаштың  мінезі өте қарапайым.