ДСМ: Қазақстанда маймыл шешегін жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ
Қазақстанда бүгінгі таңда маймыл шешек ауруына күдікті бірде-бір жағдай тіркелмеген. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау Министрлігі хабарлады. Сондай-ақ құзырлы мекеме мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау мен аса қауіпті ауруларға күдікті науқасты қашықтан термометрия арқылы анықтау шараларын жүргізеді. Республиканың бас санитарлық дәрігері шетелге шығатындарға маймыл шешегінің ошағы анықталған Батыс Африка елдеріне барудан бас тартуды ұсынды. Ал, саяхаттаған жағдайда көшедегі тіркелмеген және санитарлық жағдайы күмәнді тамақтану орындарында ауқаттанудан аулақ болу керек. Адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика шараларын ұмытпай, қол гигиенасын сақтау сұралады. Сондай-ақ, қазақстандықтарға сапардан оралғаннан кейін үш апта ішінде денсаулығының нашарлауы, дене қызуының көтерілуі және бөртпе пайда болған жағдайда дереу жақын жердегі медициналық ұйымға хабарласып, шетелде болғаны туралы міндетті түрде хабарлау ескертіледі.