Екі күн ішінде 93 мың қазақстандық санақтан өтті

Екі күн ішінде 93 мың қазақстандық санақтан өтті

1 қыркүйекте басталған жалпыұлттық халық санағына 93 500-ден аса қазақстандық қатысты. Науқанның алғашқы екі күнгі нәтижесі бойынша Павлодар облысы алда келеді. Аймақта 16 мыңнан астам адам санақтан өткен. Белсенділік жағынан Нұр-Сұлтан қаласы екінші орында тұр. Елордалықтардың 15 509-ы санақ сауалдарына жауап берген. Олардың арасында республика Президенті әкімшілігінің қызметкерлері, соның ішінде бірінші орынбасары Дәурен Абаев та бар. Ол отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында санақ нәтижелері бойынша жүргізіліп жатқан реформалардың табыстылығын, облыстық және аудандық билік жұмысының тиімділігін бағалауға болатынын атап өтті. «Бұл өте маңызды мәселе. Бізді халық саны ғана емес, кім екеніміз қызықтырады. Сауалнамаға көп сұрақ енгізілген. Бұл деректердің бәрін ақпараттық базадан алуға болмайды. Санақ – бұл халықтың әл-ауқатын, нақты жағдайын түсінуге мүмкіндік береді», - деді Дәурен Абаев.

Естеріңізге сала кетейік, санаққа 30 қазанға дейін қатысып, сауалнамадан өтуге болады. Деректерді жинау екі жолмен жүзеге асырылады: sanaq.gov.kz сайты және үйді аралау арқылы.