Екі жаңа зауыт ашылды
Шымкентте екі бірдей жаңа өндіріс орны іске қосылды. Қалада тоқылмаған материалдар шығаратын фабрика мен өртке қарсы және металл есіктер өндіретін зауыт ашылды. Жаңа кәсіпорындар 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Жазда құрылысы
басталған металл есіктер шығаратын зауыт қазір толық қуатында жұмыс істеп тұр.
Кәсіпорын жылына 150 мыңға дейін есік өндіре алады. Жобаға 4 миллиард теңгеге
жуық инвестиция тартылып, 136 жұмыс орны ашылды.
Ермек Тұрманов, Шымкент қаласы
кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл металл есік
шығаратын зауыт - компанияның екінші өндіріс орны. Осы аумақта тағы бір кәсіпорын
жұмыс істеп тұр, онда шамамен 150 адам еңбек етеді. Компанияның ішкі нарыққа
да, халықаралық нарыққа да шығуға әлеуеті жеткілікті.
Шымкенттегі тағы
бір тың жоба жүзеге асты. Жаңа фабрикада тоқылмаған жаймалар өндіріліп
медицина, құрылыс және агроөнеркәсіп салаларына арналған спанбонд өнімдері,
оның ішінде бетперде мен қорғаныш киімдері шығарылады. Мұнда келген қала әкімі
Ғабит Сыдыкбеков өндіріс жұмысымен танысты. Айта кетейік ел бойынша мұндай
фабрика ешбір қалада жоқ.
ҚанатСейтқұл, Marvik Partners ЖШС бас инженері:
- Біздің өнімдер Қазақстанның барлық өңірінде
сатылып жатыр. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне де
экспортқа жөнелтіледі. Кәсіпорын биыл іске қосылды, тамыз айынан бері жұмыс
істеп келеміз. Қуаттылығы жылына 400 тонна. Қазір 200-250 тонна көлемінде өнім
өндіріп жатырмыз.
Қазіргі таңда
фабрикада 78 адам еңбек етеді, ал алдағы уақытта тағы 40 қызметкер қабылданбақ.
Жобаға 5 миллиард теңге инвестиция салынған. Қала басшылығы жаңа өндірістер
Шымкенттің өндірістік әлеуетін арттырғанын атап өтті.

