Ел аймақтарындағы ахуал тұрақталып келеді

Елімізде күштік құрылымдардың лаңкестерді ұстау жұмыстары жалғасып жатыр. ҚР ІІМ-нің мәліметі бойынша, Алматы облысында антитеррорлық операция кезінде 20 адам ұсталды. Күдіктілерден қару мен оқ-дәрі тәркіленді. Ал Шымкентте 400-ден астам бұзақы «жаппай тәртіпсіздік әрекеттерін жасады» деген күдікке ілікті. Олардың 155-іне әкімшілік, ал 50-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұзақылардың жартысына жуығы – шаһар тұрғындары, қалғаны – республикамыздың өзге өңірлерінен келген азаматтар.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласының коменданты:

- Шымкент қаласындағы жағдай қалыпты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен қала аумағы толығымен бақылауға алынып, заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде. Қала тұрғындарын коменданттық сағат талаптарын қатаң сақтауға шақырамын және сенім білдіремін.

Қарағанды облысында да төтенше жағдай режимін бұзған 86 адам ұсталды. Сондай-ақ бақылау бекетінде Қазақстан Республикасындағы тіркеу мерзімі өтіп кеткен Өзбекстан азаматы ұсталды. Қазір Қарағанды айналасына 8 бақылау бекеті қойылған. Кірген-шыққан көліктің барлығы жіті тексеріледі.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- Төтенше жағдай жарияланған кезден бастап полиция бөлімшелеріне 128 адам жеткізілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-шы бабы, яғни «төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша 86 құқықбұзушылық анықталды. Қарағанды облысында комендатураның жедел штабы құрылды. Өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық полиция қызметкері, Ұлттық ұлан мен ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкері қызметтің күшейтілген режиміне көшірілді.

Маңғыстау облысында біреудің мүлкіне қол сұққандар бейнекамералар арқылы анықталды. Қала комендантының айтуынша, өңір орталығындағы әуежай мен полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған. Тәртіп сақшылары оларға қару қолданбай, тойтарыс берді.

Қызылордада бұзақылармен болған қақтығыста 20-дан астам полиция қызметкері жарақат алды. Олардың басым бөлігі жеке құрам сапына оралды. Жалпы облыс орталығында антитеррорлық операция жалғасып жатыр. 225 бүлікші ұсталып, оның 50-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Коменданттық сағат режимін сақтау шаралары атқарылуда.