Қазақстандық нейрондық желінің көмегімен ұлы тұлғалардың бейнесін жасайды

Бүгінде ол Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Әлихан Бөкейханов пен Шоқан Уәлиханов, тіпті Ұлттық Қыдыр Ата мен Ақшақардың келбетін келістірген. Қазір Талғат Байтөкешовтің математикалық есептеулерге негізделген арнайы бағдарламның көмегімен өңделген фотосуреттері ғаламтор желісінде тарап кетті. Бірегей туындылары қазақстандықтармен қатар шетелдіктер арасында кеңге танылып жүр. Отандық дарын иесі әуестігін жер-жаһан жұртшылығы  мойындайтынын күтпегенін айтады. Талғатқа бірқатар шетелдік айти және ойын құрастыратын халықаралық компаниялардан әріптестік орнату жөнінде ұсыныс түскен. Қазақстандық бағдарламашы енді халық ауыз әдебиетінің аңыз-ертегілері кейіпкерлерінің анимациялық бейнесін жасауды жоспарлап отыр. Мақсаты қазыналы қазақтың төл тарихы мен бай мәдениетін әлемге насихаттау. 

Талғат Байтөкешов, бағдарламашы:

- Өзіміздің төл кейіпкерлерімізді құруға қатысты көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Байқауымша, Батыс елдерінің қауымы қазақ батырларының бейнесін бірегей деп санайды және оларды танып білуге ынтық. Біз ең алдымен сақтардың бейнесін шынайы етіп көрсету үшін заманауи технологияның көмегімен өңдейтін боламыз. Бұл бейненің сапасы үшін қажет. Кейін анимациялар жасап, боттарға нұсқаулықтар береміз.