Елде бірқатар ипотекалық бағдарламалар биыл да жалғасады
Елде бірқатар ипотекалық бағдарламалар биыл да жалғасады.
Соның ішінде «Наурыз» жобасы 2031 жылға дейін созылады. Бұл туралы Отбасы банк
мәлімдеді. Оған қоса, былтыр тоқтап қалған әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы
да қайта іске қосылуы мүмкін.
Жалпы, биыл үйлі болам дейтіндерге қандай мүмкіндіктер
бар? Ипотеканы қандай тиімді шарттармен рәсімдеуге болады? Дильназ Ерланқызы
жалғайды.
Дильназ Ерланқызы, тілші:
- Осы уақытқа дейін елімізде ондаған мемлекеттік
ипотекалық бағдарлама мыңдаған қазақстандықтың баспаналы болуына көмектесті..
Алайда оның ішіндегі ең өміршеңі- «Наурыз» бағдарламасы. Бағдарлама аясында
пайыздық мөлшерлеме 9 пайыз болса, әлеуметтік осал топтар үшін ол 7 пайызға
дейін төмендетілген. Ал бастапқы жарна 10-20 пайыз аралығында. Осы бағдарламаға
ұқсас «Наурыз жұмыскер» ипотекасы бар.
Шарттары бір. Бірақ ол өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік пен энергетика
саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған. Өтінім қабылдау көктемде
басталады деп жоспарланып отыр. Онымен қоса, «7-20-25» бағдарламасы да тоқтамайды. Осы айда бұл бағдарламаға 25 млрд
теңге көлемінде жаңа транш бөлінбек. Энергияны үнемдейтін үйлерге арналған
«Жасыл ипотека» да жалғасады. Мұнда да несие пайызы уақыт өте төмендейді. Ал
былтыр қаржы жетпеген соң тоқтап қалған
«Ұмай» ипотекасы биыл іске қосылуы тиіс.
Өткен жылы осы бағдарламалардың арқасында 74 мың отбасы баспаналы болды. Ал әрбір үшінші адам өміріндегі алғашқы үйінің иесі атанды. Жамбыл, Ақмола және Ақтөбе облыстарында жеті жарым мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады.
Дәрия Батенова, «Отбасы
Банк» АҚ Орталық филиалы директорының орынбасары:
- Былтыр Отбасы банк рекордтық көрсеткіш орнатты. 1
миллион депозит ашылды. Наурыз бағдарламасы алдағы бес жылда жалғасын табады.
Дипломмен ауылға бағдарламасы, өңірлік бағдарламалар бар. +7 мыңнан астам үйді
әкімдіктер несие арқылы және жалдамалы үйге беруге бөлді.
Ал егер мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі
болмаса, өзге нұсқаларды да қарастыруға болады. Құрылыс компаниялары да өз
тарапынан тиімді ұсыныстар жасап отыр. Оның үстіне күні кеше ипотеканың шекті
мөлшерлемесі төмендеді. Ол 20 пайыз болып бекітілді.
Айдос Атаев, қаржыгер:
- Құрылыс компаниялары барлық құжаттары толық дайын
үйлерді ұсынады, бұл мәміленің қауіпсіз өтуіне кепілдік береді. Пайыздық
мөлшерлеме шамамен 18,5%-дан басталады. Алайда бастапқы жарнаны көбейтіп немесе
несие мерзімін қысқартса, одан да төмен мөлшерлеме алуға болады. Ең бастысы -
табысты растай алу.
Ипотека рәсімдемес бұрын ең алдымен өзіңізге қолайлы бағдарламаны таңдап, шарттарын мұқият зерделеп, барлық құжатты жинау маңызды. Сарапшылардың айтуынша, ай сайынғы төлем табысыңыздың жартысынан аспауы тиіс.
Арай Райымқұлова, тұрғын үй сарапшысы:
- Қаржылық сауатсыздықтың деңгейін көруге болады. Өйткені азаматтардың кредиттік жүктемесі өте көп. Крежиттер алып тастаған, смартфондар, техника, автокөлік. Микроұйымдардан кредит алып жатады. Көп азаматтар ломбардқа микроқаржы ұйымдарға көп жүгінеді. Үй аламын деп жүргендерге бірінші қолындағы қаржысы және соған баланысты қандай бағдарламаға сай келеді соны анықтау керек.
Қазір нарықтағы кейбір компаниялар салық өзгерістерін
алға тартып, жасанды сұраныс қалыптастыруға тырысып жатыр. Бұны мамандардың өзі
айтып отыр. Әзірге тұрғын үй нарығында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Алайда
наурыз-сәуір айларында баспана құны едәуір қымбаттауы мүмкін. Ал тұрғын үйге
қосылған құн салығы тек 2027-2028 жылдары ғана күшіне енеді.

