Елімізде альцгеймер ауруын емдеудің жаңа әдісі енгізілді

Елімізде альцгеймер ауруын емдеудің жаңа әдісі енгізілді

Алматыда Альцгеймер ауруын емдеуге арналған инновациялық технология таныстырылды. Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына миды импульстік ынталандыру технологиясымен жұмыс істейтін швейцариялық аппарат орнатылды. Бұл — Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда қолданылып отырған алғашқы құрылғы. Жаңа әдіс хирургиялық араласуды қажет етпейді. Алдымен науқасқа магниттік-резонанстық томография (МРТ) жасалып, алынған кескіндер арнайы бағдарламаға енгізіледі.  Осы деректер негізінде аппарат қысқа акустикалық импульстарды мидың зақымданған аймақтарына дәл бағыттайды. Инновациялық технология негізгі дәрі-дәрмекпен емдеуді толықтыратын қосымша терапия ретінде қолданылады. Қазір алғашқы жеті науқас емдеу курсынан өтіп жатыр.

Ермек Желдібаев, «Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы» КМК директорының орынбасары:

- Бұл сеанстар амбулаториялық жағдайда жасалнады. Бірнеше сеанстан тұрады. Әр сеанс небәрі 30 минутқа жетпейтін уақытты алады. Ешқандай науқасқа қолайсыздық туғызбайды.
¤

Тың технология 2018 жылдан бері Еуропаның жетекші клиникаларында қолданылып келеді. Осы уақытқа дейін бұл әдіспен 20 мыңнан астам науқас ем қабылдаған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басым бөлігінде тұрақты оң өзгерістер байқалған.