Енді 16,75%: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Енді 16,75%: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертті. Яғни, 17 пайыздан 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім шығарған. Бүгін Ұлттық банк журналистерді шақырып, осындай мәлімдеме жасады. Бас қаржыгер Тимур Сүлейменовтің айтуынша, базалық мөлшерлемені 0,25 пайыз төмендету шешімін шығару өте қиын болған. Ақша-несие саясатын реттеу комитеті 2 күн қатарынан қызу талқылау өткізіпті. Сонымен, бұл шешімге жылдық инфляцияның 9 ай бойы төмендеуі басты себеп болыпты. Маусым айында жылдық инфляция 10,3% деңгейінде тұрақтаған. Оның үстіне Ұлттық банк алдағы 5 жылда инфляция деңгейін 5 пайызға дейін түсіруді жоспарлап отыр. Дегенмен, инфляцияға қысым көрсетуші факторлар да аз емес. Олар – құбылмалы инфляциялық болжамдар, жанар-жағармай бағасы мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі, сыртқы нарықта мұнай бағасының қымбаттауы және азық-түлік бағасының әлі де өсуі. Осымен Ұлттық банк базалық мөлшерлемені биылдыққа екінші мәрте төмендетіп отыр. Маусым айында 18 пайыздан 17 пайызға өзгерткен. Ол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке базалық мөлшерлеме мәселесін пайымдап шешуді тапсырған болатын.