Silk Way Star: жаңа маусым Қытайда түсіріліп жатыр

Silk Way Star: жаңа маусым Қытайда түсіріліп жатыр

Көп көрерменнің көңілінен шыққан «Silk Way Star» халықаралық жобасының кезекті кезеңі басталуға жақын. Қазір мега ән байқауының екінші маусымы Қытайда түсіріліп жатыр. Жоба былтыр Қазақстан Президенті телерадиокешені мен «China Media Group» бірлестігімен қолға алынған. Иу қаласында 12 елден келген қатысушы соңғы дайындықтарын пысықтауда. Қазақстан намысын биыл жас әнші Рухия Байдүкенова қорғайды. Ендеше, бұл жолы мега жоба көрерменді немен таңқалдырады?

¤¤

Былтыр төрткүл дүниенің назарын өзіне аударған музыкалық жоба биыл да тосынсыйсыз болмайды. Жаңа маусымның сайыс шарты да өзгерген. Бұл жолы әртістер кезең сайын жобамен қоштаспайды. Өнерпаздар он бөлім бойы түгелдей сахнаға шығып, бақ сынайды. Ал жеңімпаз бүкіл маусым бойы жинаған жиынтық ұпайы бойынша анықталады. Сондай-ақ, әр шығарылымда өз алдына ерекше көзге түскен «Эпизод жұлдызы» таңдалмақ. Қазақстандық және қытайлық продюсерлер биылғы додаға бір жыл бойы дайындалған.