Еліміздің 100 емханасына Smart-ЭКГ қосымшасы енгізілді

Қазақстандықтар қашықтан жүрек диагностикасын алу мүмкіндігіне ие. Еліміздің 100-ден астам емханасына Smart-ЭКГ қосымшасы ендірілді. Бірегей медициналық жүйесі бар емдеу мекемелерінің тең жартысы ауылды аймақтарда орналасқан. Оның көмегімен жүрек-қантамыр жүйесі ауруларына шалдыққан шалғайдағы елді мекен тұрғындарына дәрігердің қорытындысы әлдеқайда жылдамырақ жетеді. Яғни онлайн режимінде тікелей смартфон немесе поштаға жіберіледі.

Салтанат Аутәліпова, функционалдық диагностика дәрігері:

- Smart бағдарламаны қолданып жүргенімізге жарты жыл болды. Осы аралықта ол өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қашықтан түсірілетін барлық электрокардиограммалар бірден мына бағдарламаға түседі. Онда ол қажетті талдаудан өтіп қорытындысы электронды мекен жайға жіберіледі. Әсіресе, ауылдық жерлердегі медбикелер үшін таптырмас көмекші. Ақылды ЭКГ бізге науқасты жылдам қарап нақты диагноз қоюға және қажет болған жағдайда оны ауруханаға уақтылы жіберуге мүмкіндік береді.

Ерте диагностика сырқаттың алдын алу немесе анықталған дерттен сауығудың бірден-бір жолы. Уақтылы қабылданған ем-шаралардың шипасы қашанда мол дейді,  ақ халатты абзал жандар. Қазақстандық өнертабыс ЭКГ диагностикасының халыққа қолжетімділігін арттырумен қатар медициналық тексеру шараларының бұл түрін сапаландыра түсті. 

Айдар Сапаров, жоба жетекшісі:

- Бұл бағдарламалық жасақтама америкалықтан бастап қытайлық үлгіге дейінгі ЭКГ аппараттарын өндірушілермен жұмыс істейді. Бірегей драйвер компьютерге орнатылады, ал ЭКГ аппаратының өзі компьютерге электрокардиографиялық сигнал арқылы осы драйвердің көмегімен қосылып, нәтижесі мониторға шығарылады. Кейін  жасанды интеллект ЭКГ тексерісінен түскен бар мәліметті өңдеп, кейін оның нәтижесін дәрігердің жеке кабинетіне жібереді.

Айта кетерлік жайт, жоба Ғылым қорының қолдауымен қаржыландырылып, іске қосылды. 2021 жылдан бері Smart-ЭКГ платформасын әзірлеушілер 250-ден астам ауылдық жерді аралап үлгерген. Осы уақыт ішінде мамандар қашықтан мыңдаған электрокардиограмма қорытындысының әп сәтте шығуына септескен. Қазір бұл заманауи сандық шешім еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне барынша енгізіліп жатыр.