Елордада украиналық шабандоздың қатысуымен бейнеролик түсірілуде

Қазақстанның астанасы халықаралық экшн-фильмдер мен блокбастерлерді түсіруге дайын. Неге дейсіз ғой? Бұған Нұр-Сұлтан қаласында дүниежүзіне танымал автошабандоз, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Александр Гринчуктің қатысуымен түсіріліп жатқан проморолик дәлел бола алады. Шараның мақсаты - халықаралық кино қауымдастығы мен саланың әлемдік деңгейдегі майталмандарына бас шаһардың аса ауқымды кионожобаларды жүзеге асыра алатын қауқарын таныту. Ұйымдастырушылар осы арқылы жаһандық деңгейде шығатын бейнероликтер, эпизодтар мен толық метражды кино туындыларды түсіруге еліміздің әлеуетін ашуды мақсат етеді. Роликті әлем бойынша тарату көзделген. Оны 50 млн-ға тарта адам тамашалайды деп күтілуде. Сценарий бойынша автошабандоз елорданың сәулетті келбетін паш ететін жаңа нысандары мен аса көрікті  жерлерімен өтетін экстремалды жарыс ойынына қатысады.

Ержан Балтаев, «Astana Invest» басқармасының төрағасы:

- Нұр-Сұлтан қаласы көпшілікке қызыққа толы туристік мекен ретінде танымал. Сондай-ақ біз елорданы киноиндустрияны дамытуға қолайлы әлеуеті бар алаң ретінде де паш еткіміз келеді. Өз брендімізді кеңге насихаттаудың бірден-бір жолы -  осындай бейнероликтер түсіру. Осы арқылы біздің қаламыздың заманауи бейнесін, қарқынды дамуы мен көркін көрсетуді мақсат етеміз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов