Отандық киноиндустрия: тарихи фильмдерге басымдық
Тарихи фильмдерге басымдық. Елімізде жақын арада Алтын Орда мен Ұлы Жібек жолына арналған ауқымды киножобалардың түсірілімін бастау жоспарланған. Ол үшін ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мамандары үздік шетелдік кинокомпаниялардың арасынан серіктестер мен инвесторлар іздестіріп, белсенді жұмыс жүргізуде. Ынтымақтастық үшін міндетті шарт – тарихи кино өндірісінде тәжірибесі болуы тиіс.
Арман Асенов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ бас продюсері:
- Қазіргі таңда Голливудтың ғана емес, Түркия, Әзербайжан және Венгрияның ірі танымал кинокомпанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Тарихи жанрда көптеген бағыттар бар. Олардың барлығы өз кезегінде жетілу мерзімін күтуде. Алайда біз бар күш-жігерімізді Алтын Орда туралы баяндайтын туындының дүние келуіне жинап жатырмыз.
Жыл басында тарихи тақырыпқа арналған жаңа кино туындыларды түсіру қажеттілігіне Мемлекет басшысы ерекше назар аударғанын атап өткен жөн.
«Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын Орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн» - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласынан.
Алтын Орда және Жібек жолы туралы жобалардың жұмысына ең алдымен, Ұлы дала шежіресінің білгірлерін – тарихшылар мен этнографтарды, тәжірибелі сценаристер мен кинодраматургтарды тарту жоспарланған. Сондай-ақ Голливудтың әйгілі актерлерінің түсірілімге қатысу мүмкіндігі де қарастырылуда. Басты міндет – сапалы, сұранысқа ие кино өнімін түсіру және көшпенді халықтың қалай өмір сүргенін бүкіл әлемге таныту.
Арман Асенов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ бас продюсері:
- Біздің жұмысымыз – бірінші кезекте көшпелі өмір салты туралы фильмдер түсіру. Оған қоса, ондай туындылар бізде жарқын кейіпкерлерге толы. Ұлы Түрік қағанатынан бастап, Моңғол империясы, Түркістан, Қазақ хандығы және өзге де шығармалар. Әйгілі Жібек жолы біздің жеріміз арқылы өткен. Сондықтан бұл тақырып кинемотаграфистер арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Италиялықтар, орыстар, қытайлар қазір осы тақырып төңірегінде жұмыс істегісі келеді. Біз қазір Халықаралық консорциум құрып жатырмыз. Ол көп сериялы болмақ.
Отандық кино саласының мамандары жаңа сценарийлер үшін тақырып көп екенін айтады. Себебі Ұлы Дала шежіресі қызықты кейіпкерлерге, тәуелсіздік пен бостандық үшін күрескерлерге толы. Олардың ерлігі, батылдығы мен әрекеттілігін кино арқылы әлемге көрсету керек. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, бұл жаңа көрермендерді тартуға мүмкіндік береді.
Авторы: Ақзер Сегізбай