Silk Way Star жеңімпазы қазақша ән шығарды

Silk Way Star жеңімпазы қазақша ән шығарды

Silk Way Star халықаралық мегажобасының жеңімпазы, моңғолиялық әнші қазақ тілінде ән шығарды. Мишель Джозефтің су жаңа туындысы «Бағала» деп аталады. Әнді жазуға қазақстандық композиторлар мен музыкалық продюсерлер атсалысқан. Мишель Моңғолияның жас әрі талантты әншісі. Ол өз елінде өзгеше шығармашылығымен танымал. Себебі ол халық әндерін поп, R&B және фанк сияқты заманауи жанрлармен шебер үйлестіре біледі. Айта кетейік, жас талант халықаралық Silk Way Star музыкалық додасында бақ сынады. 12 ел өнерпаздарының ішінен іріктеліп, финалда топ жарды. Байқауда Мишель бірнеше рет қазақ әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Сол кездің өзінде ол болашақта қазақ тілінде ән жазсам деген арман-тілегін жасырмай айтқан.

Silk Way Star байқауының гранд-финалы тікелей эфирде 6 тілде көрсетілді. Сондай-ақ, Қытайдың Орталық телеарнасына қарасты ,1 млрд аудиториясы бар CCTV-15 арнасынан эфирге шықты. Жобаның келесі маусымы Қытайда өтеді. Музыкалық дода Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен China Media Group қытайлық медиа корпорациясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылды.