Елордада «Құнанбай» қойылымының премьерасы өтті
Қаллеки театры сағынған көрерменмен қайта қауышты. Бұған дейін «Абылай хан», «Зере», «Абай» сынды дара тұлғалармен ерекшеленетін театр репертуарының қоржыны енді «Құнанбай» бейнесімен толықты. Жаңа қойылымның сценарийі фильм желісінен алынған. Спектакльдің қоюшы режиссері Болат Ұзақовтың айтуынша, халық Құнанбайды қатал мінезді, аға би ретінде таныса, бұл қойылымда көрермен басқа Құнанбаймен жүздеседі.
Болат Ұзақов, қоюшы-режиссер:
- Таласбек Әсемқұловтың осы шығармасын, кино сценарийін оқып шыққанда мені қызықтырған бір нәрсе бар. Ол бір жарым жылдай түрмеде, қамауда отырып шыққаннан кейін дүниенің бәрін тәркі етіп, биліктен де, мал-мүліктен де, бәрінен баз кешіп қажылыққа дайындалған. Неге ол осындай шешім қабылдады екен? Сонысы маған қызық болды. Солай ойлана келе осындай нұсқаны жасауға бел будым.
Құнанбай бейнесін театр актерлері екі құрамда сомдайды. Премьераның алғашқы күні халықпен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев жүздессе, ал екінші күні актер Нартай Сауданбекұлы жауапты міндетті арқаламақ. Актер рөлді сомдауға өзі сұранған екен.
Нартай Сауданбекұлы, актер:
- Мен осыған дейін Балуан Шолақты, Батыр Баянды ойнадым. Рольдерімді қарап тұрсам, ұр да жық, төбелескіш қазақтың шекарасын жаудан қорғап келген батырлар. Енді мен Абай емеспін, ақиқатын айту керек. Маған Абайды берсе, мен өзімше алып шығармын. Бірақ көрген адам: «Мынау Абай емес қой», – дейді. Мен өз-өзімді іздеп жүргенде осы Құнанбай образы алдымнан шықты. Бұл негізінен үлкен бақ.
Айта кетейік, қойылым Қазақстан Тәуелсіздігінің және Қаллеки театрының 30 жылдығына орай сахналанды.
Авторы: Ақзер Сегізбаева