Ұлттық музейге шетелдік суретшілердің 18 картинасы сыйға тартылды
Қазақстанның Ұлттық музейінің қоры Орталық Азия
және ТМД елдері қылқалам шеберлерінің 18 туындысымен толықты. Сыйға тартылған
бірегей жұмыстар еліміздің суретшілер одағының 90 жылдығына ұйымдастырылған
халықаралық көрмеде ұсынылды. Музей төрінен орын тепкен экспозицияны 1 айдың
ішінде 30 мыңнан астам елордалықтар мен қала қонақтары тамашалап, отандық және шетелдің бейнелеу өнері
шеберлерінің туындыларын қанықты.
Өмірбек Жұманиязов, ҚР
Суретшілер одағы басқармасының төрағасы:
- Мен 90 жылдыққа
орай халықаралық көрме ұйымдастырғым келді. Түрлі елдердегі әріптестерім менің
ұсынысымды қолдап, ойымды жүзеге асыру үшін көрмеге өз еңбектерін жіберіп
сүбелі үлестерін қосты. Литва, Украина, Белорусь, Молдавия, Грузия, Әзербайжан,
Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан Бурятия тіпті Канадалық суретшілер атсалысты.
Отандық қылқалам шеберлері 2022-2023 жылдары жасалған еңбектерін ұсынды. Яғни
соңғы екі жылда салынған болуы тиіс еді. Ал шетелдік әріптестерге ешқандай
шектеу қойған жоқпыз.
Жалпы ерекше экспозицияға 226 автордың 270-тен
астам жұмысы кірді. Әрбір шебердің өзіндік қолтаңбасы бар туындылар түрлі
техникаларда орындалған. Бірегей көрмеге заманауи модерн, дәстүрлі классикалық
көркемсуреттер мен графикалық шығармалар, бейнелеу мен табиғат көріністері,
киізден басылған, матадан жасалған және ерекше инстоляциялық мүсіндер қойылған.
Бүгінде 1200-ден астам шеберді біріктіретін Қазақстан суретшілер одағынан
шыққан туындылар әлем бойынша танылып, көпшіліктің көзайымына айналған.
Бәтеш Ақпасова, ҚР Ұлтық музейінің қор қызметінің жетекшісі:
- Мұражай құрылған
алғашқы күннен бастап біз суретшілермен, олардың шығармашылығымен тығыз
қарым-қатынаста жұмыс істеп, осындай
бірегей туындыларын көрме залдарында үнемі ұсынып жүрміз. Суретшілер одағымен
үзілмей келетін байланыстың арқасында музей қорының графикалық, кескіндеме,
инстоляция сынды ерекше мәдени туындылармен толығып тұруына мүмкіндік береді.
Қазір біздің қорда 5 мыңға жуық бейнелеу өнерінің туындылары бар.