Қ.Сәтбаев атындағы олимпиада аяқталды
Ұлытау облысында химия пәнінен өткен республикалық олимпиада мәресіне жетті. Еліміздің 17 өңірімен республикалық маңызы бар 3 қаладан келген 80-ге тарта пән үздіктері 4 күн қатарынан бақ сынасты. Суырылып шыққан 36 жас өрен жеңіс тұғырынан көрінді. Шараны Оқу-ағарту министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы сондай-ақ Қазақмыс корпорациясы және «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры, Ұлытау облыстық білім басқармасы ұйымдастырды.
Республикалық додаға кіл мықтылар келген. Барлығы 23 команда қатысты. Биылғы олимпиада қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтпаевтің 125 жылдығына арналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша біздің оқушылар халықаралық деңгейде де қарсыластарына дес бермей жүр.
Серік Абенов, «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры директорының бірінші орынбасары:
– Қаныш Имантайұлы атындағы олимпиада Жезқазған қаласында осымен екінші мәрте өткізілді. Өткен жылы да 80-ге жуық оқушы қатысқан болатын. Бірақ онда тек 9 сынып оқушылар қамтылған. Биыл 10 және 11 сынып оқушылары да қатысты. Олимпиада «Қазақмыс корпорациясының» ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр. Ал, Ұлытау қоры бұл жобаның біздің облыста өтуіне қолдау білдірді.
Олимпидаға барлығы 80-ге жуық оқушы қатысты. Олардың 36-сы жүлдегер болды. Жеңімпздарға арнайы дипломмен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұдан бөлек бес оқушы еліміздегі жоғарғы оқу орындарына грант ұтып алды.