Елорда қызыл аймаққа өтті
Елордада COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша қауіптіліктің қызыл деңгейіне өтті. Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан қаласында 121 науқаста вирус расталған. Мұндай мәліметті Денсаулық сақтау министрлігі жариялады. Алайда орын алған жағдайға байланысты қандай шектеу шаралары қолданылатыны белгісіз. Бір күн бұрын қала әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарға алдағы мерекелерді үйде қарсы алу туралы үндеу жасаған еді. Дегенмен індетті жұқтыру дерегі көбейсе, шектеу шаралары енгізілуі әбден мүмкін.
ЕРЖАН БАЙТАНАЕВ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
- Қазіргі уақытта бас санитар дәрігерімен, сонымен қатар, жергілікті мемлекеттік органдармен қала бойынша қатаңдату жүргізілу сұрақтары қарастырылып жатыр. Жалпы ауырғандардың өздері дәрігерлерге хабарласпаған, санитарлық талаптар сақталмай жатыр. Қаулы бүгін кешке дейін не болмаса таңға дейін шығып қалады.
Айта кетейік, COVID-19 вирусының таралу қаупі бойынша Павлодар өңірі де қызыл аймақта. Облыста короновирусты жұқтыру деңгейі төмендемей тұр. Сонымен қатар Алматы, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жағдай сәл жақсы. Олар қазір сары аймақта. Ал басқа аймақтар қауіптілік деңгейінің «жасыл» аймағында тұр.
Айта кетейік, 24 сағат ішінде елімізде 777 науқас короновирус індетіне шалдыққан. Жалпы пандемия басталғаннан бері 139 мың адамда COVID-19 диагонозы расталған.