Елордада «Арман қала» көрмесі ашылды

Елбасы кітапханасының музейінде елорда күнінің қарсаңында «Арман қала» көрмесі ашылды. Онда шаһар тұрғындары мен қонақтары ер Есілдің енінен қадасын қағып бас шаһардың бой көтерген сәтінен қазіргі күнге дейінгі даму жолының бірегей бейнесімен таныса алады.

Көрме – Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке архиві мен Елбасы кітапханасы музейі қорының материалдары негізінде  елорданың тарихын кешенді зерттеудің нәтижесі. Экспозиция «Жаңа астана», «Дипломатия» және «Бітімгершілік орталығы» деген бөлімдерден тұрады. Бұл көрме Елбасы кітапханасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы іске қосылған «Қазақстандық жол» жобасының шымылдығын ашып отыр. Оның аясында жыл соңына дейін тарихи ғимараттың көрме алаңында еліміздің барлық аймақтарына арналған іс-шаралар өтеді.

Ерсұлтан Бектұрғанов, Елбасы кітапханасының арнайы жобалар қызметінің басшысы:

-  «Қазақстанның жолы» жобасы ол барлық еліміздің, Қазақстанның 30 жылдығының ішінде жүріп өткен жолы. Оның бәрін қазір аз уақыттың ішінде айту мүмкін емес. Дегенмен бүгінгі астанамыз бүкіл Қазақстанның өркендеуіне, қалалардың өсуіне локомотив болды десе болады. Айдаладан тұрғызылған үлкен шаһар деуге болады. Қазіргі кездегі астанамыз бүкіл әлемге белгілі қала. Астанамыз қазір бейбітшілік ордасына айналып отыр.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов