Елордада Бейбарыс сұлтан көшесі ашылды

Дешті Қыпшақ даласының Ұлы перзентінің аты берілген даңғыл Бас Шаһардың Сарыарқа ауданында орналасқан. Толықтай абаттандырылған көшенің ұзындығы 2 шақырымнан асады. Әлемнің тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Бейбарыс сұлтан Мысырда мәмлүктерді ұзақ уақыт басқарған және монғол шапқыншылықтары мен крест жорықтарына тойтарыс берген даңқты қолбасшы. Биыл аңыз адамның 800 жылдығына орай есімі мен тағлымды өмірі жер-жаһанға ұлықталады. Ел және халықаралық деңгейде тарихи тұлғаның құрметіне 600-ден асса іс-шара ұйымдастырылады. Мерейтой аясында «Бейбарыс ізімен» атты халықаралық ғылыми экспедиция жолға шығады. Отандық ғалымдар әлем мұражайларын аралап ұлы тұлға туралы құнды жәдігерлер жинайды. 

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Біз биыл Мысыр еліне барып Қазақстанның мәдениет күндерін өткіземіз деген жоспарымыз бар. Мысырдың Қайыр қаласында Бейбарыс сұлтанның атында арнайы мұражай, мешіт бар, ондағы жөндеу жұмыстары аяқталған соң екі-үш ай көлемінде делегациямен барып, Қазақстанның мәдениетін танытатын театрлық қойылым, галоконцерт ұсынамыз және еске алу шараларын өткіземіз. Күллі түркі елдерінің арасында Түркияда, Қырғызстанда және Өзбекстанда да, әрине өзіміздің еліміздің барлық өңірлерінде Бейбарыс сұлтанға арналған нақты шаралар ұйымдастырылады.