Елордада «Бейбітшілік ағашы» таныстырылды

Астанада VII - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ізгі тілектері мен жолдаулары жазылған «Бейбітшілік ағашы» инсталляциясы таныстырылды. Ол елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында орнатылды. Іс - шараға Парламент депутаттары, Қазақстандағы бірқатар шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары, діни және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ, Сенат спикері-Съезд Хатшылығының басшысы қатысты. Мәулен Әшімбаев өткен жиынның ерекше рөлін атап өтіп, оның дінаралық диалогты жалғастыруда маңызды үлес қосатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл тарихи форумды еске алуға арналған екінші шығармашылық жоба. Біріншісі-күзде құрылған саябақ.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Бұл инсталляция әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-ші съезіне арналып әдейі жасалды.  Өткен 7-ші съезд делегациялардың саны жағынан да,  келген рухани көшбасшылардың деңгейі жағынан да ерекше оқиға болды деп ауыз толтырып айта аламыз.  Біз ашып жатқан инсталляция біздің 7-ші съезіміздің негізгі мазмұнын, негізгі идеяларын жеткізіп тұр деп айтсақ артық болмайтын шығар.