Елордада IT-шешімдер байқауы жарияланды

Бас шаһардың инфрақұрылымын жаңғырту үшін заманауи зияткерлік және сандық шешімдер табу. Елорда әкімдігі Astana Hub-тың қолдауымен үздік айти-жобалар байқауын жариялады. Ұсыныстар қай бағытта болсада шектеу жоқ. Басты талап - смарт-технологиялардың көмегімен қаланың тыныс тіршілігін оңтайландырып, тұрғындардың қалыпты өмірін жеңілдету. Бастама жаңа ұсыныс қана емес, пісіп жетілген толыққанды жоба болғаны абзал. Яғни, нарыққа енді еніп жатса да, бәсекеге қабілеттілігін таныта білуі керек. Білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология, қауіпсіздік пен көлік салаларына басымдық берілмек. Өтініштер осы айдың 22-не дейін қабылданады. Ал, 26-шы тамызда жобасын қорғайтын үздіктер іріктеледі.

Әсем Төлегенқызы, Astana Hub корпоративтік инновациялар және цифрлық құзыреттер кеңсесінің бас менеджері:

 – Мәселен,  қалада көліктердің қатынауына қатысты  бірқатар мәселе бар. Айти-компаниялар елордадағы жол қозғалысының жүйесін реттеп, оңтайланыруға септесетін болса, біздегі көптеген жүргізушілердің  мәселесі шешілер еді. Осы текті жобалар қолдау табады. Алайда, тек дайын шешімдер болуы керек. Меніңше, бұл айти-компаниялар үшін  ісін жетілдіруге мүмкіндік беретін бірегей ұсыныс. Қала үлкен. Сондықтан тапсырыс көлемін   ұлғайту үшін өзіне жарнама жасайды.    

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов