Елордада халықаралық конференция өз жұмысын бастады

Елордада халықаралық конференция өз жұмысын бастады

Мемлекеттік басқару саласына инновациялық шешімдерді енгізуде өңірлік ынтымақтастықты дамыту. Елордада цифрландыру мәселелері бойынша халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Корея, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 70-тен астам өкілдері қатысуда.

Екі күндік кездесуде қатысушылар тек Орталық Азиядағы мемлекеттік басқаруды одан әрі дамыту, трансформациялау бойынша тәжірибелерімен және көзқарастарымен бөлісіп қана қоймай, сондай-ақ жүргізілген зерттеу нәтижелерін де жариялайды. Сарапшылардың айтуынша, ол Орталық Азия мемлекеттерінің цифрлық трансформациясы бойынша тиімді және заманауи тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Ал ол мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың Үкіметке деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы Комитетінің төрағасы:

– Корея, Сингапур, Эстония елдерінің тәжірибесі туралы шараға қатысушылар кең ақпарат алсын деген оймен онлайн-семинарлар өткіздік. Және бұл жобаның артықшылығы аталған елдердің өкілдері өз елінде имплементацияға бағытталған жобаны өздері жазады. Бұл жоба қолданбалы мәнге ие. Бүгін Орталық Азия, Кавказ елдерінде, Түркіменстаннан басқа, цифрлық трансформацияны жүзеге асыруға жауапты адамдардың барлығы жиналды.

Индира Шаршенова, Қырғызстан Республикасының цифрлық даму министрінің орынбасары:

– Қазақстанның тәжірибесі Орталық Азия өңірлері үшін және қандай да бір цифрлық трансформацияны іске асыру үшін пайдалы болмақ. Бұл зерттеу, өңірлік зерттеу ғой. Біз барлығымыз бір өңірдеміз, ал бұл өте маңызды. Себебі, өз өңірімізге тән ерекшеліктеріміз бар, бұл жағын да ескеру керек.