Энергетика министрлігі жаңа энергоқуаттарды енгізу жоспарымен бөлісті

Энергетика министрлігі жаңа энергоқуаттарды енгізу жоспарымен бөлісті

Бүгін Үкіметте Қазақстанның электр энергетика саласын дамытудың кешенді жоспары таныстырылды. Оның аясында шамамен 26 ГВт жаңа қаут көздерін кезең-кезеңімен енгізу және жұмыс істеп тұрған энергетикалық нысандарды жаңғырту мақсаты тұр. Соңғысы қосымша 5,5 ГВт қуат береді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі мәлімдеді. Алмасадам Сәтқалиевтің дерегінше, бұл ретте 2027-ші жылға дейін Ақсу гидроэлектростанциясының 7-ші блогын салу,  Қарағанды 3-ЖЭО турбинаны алмастыру және Атырау облысындағы бу-газ қондырғысының қуатын кеңейту көзделіп отыр.  Сондай-ақ министр еліміздің 6 бірдей қаласында жаңа газ станциялары іске қосылатынын жеткізді. Бұндай нысандар Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда және Шымкентте пайда болмақ. Бұған қоса министрлік жаңартылатын энергия көздеріне қатысты ірі жобаларды іріктеу бойынша 5 жылдық кезеңге аукциондық сауда өткізудің графигін бекітті.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР  Энергетика министрі:

- Аукционға жалпы 6,7  ГВт шығарылады. Бұл ретте өткізілген аукцион қорытындысы бойынша 2027 жылдың соңына дейін 592 МВт енгізу жоспарланып отыр. Осы жобаларды іске асыру  энергия жүйесіндегі тапшылықты жоюға және қажетті қуат резервімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.